19-лекция
Тақырыбы: Аралас сабақ типі және оны
ұйымдастыру технологиясы. Мұғалімнің
сабаққа дайындығы.
Мақсаты: Аралас сабақ типі мен оны ұйымдастыру
технологиясын және мұғалімнің сабаққа
дайындалу әдістемесін меңгерту.
Жоспары
1. Аралас
сабағының құрылымы және оны ұйымдастыру
технологиясы
2. Мұғалімнің
сабаққа дайындығы
1. Аралас сабағының
құрылымы және оны ұйымдастыру технологиясы
Аралас сабақта
сабақтың барлық дидактикалық кезеңдері,
бөліктерінің ұштасуы
орын алады. Сабақтың бұл түрі бастауыш кластарда
кеңінен қолданылды. Төменгі класс оқушылары біркелкі
жұмыстан жалығады, жылдам шаршайды. Ал, аралас
сабақтағы оқу жұмысының әртүрі,
бірінен кейін бірі ауысып отыруы балалардың таным белсенділігін
арттыруға, зейіндерінің тұрақтануына мүмкіндік
береді.
1. Сабақтың
ұйымдастыру кезеңі. Оқушыларды сабаққа дайындау.
2. Үй тапсырмасын тексеру.
3. Сабақтың
мақсаты мен міндеттерін қою.
4. Жаңа материалды
түсіндіру.
5. Оны пысықтап, бекіту.
6. Сабақты
қорытындылау және үйге тапсырма беру.
Аралас сабақтағы
оқу жұмысының әртүрі, бірінен кейін бірі ауысып
отыруы балалардың таным белсенділігін арттыруға, зейіндерінің
тұрақтануына мүмкіндік береді. Бұл сабақ типі бастауыш
сынып оқушыларына арналған.
2.
Мұғалімнің сабаққа дайындығы
Мұғалімнің сабаққа
дайындағы үлкен қажырлылықты, жауапкершілікті
қажет етеді. Мұғалім сабаққа дайындалғанда
негізінен үш нәрсені анықтап алуы керек: алдағы
сабақтың мазмұнын, оны өткізудің әдістерін
және сабақтың құрылымын. Сабақ – оқу
процесінің маңызды бір буыны болғандықтан,
мұғалім алдымен жеке сабақтың жоспарын жасамайды,
керісінше, сабақтар жүйесін жоспарлайды. Ол үшін
тақырыптық жоспар жасайды. Оқу жұмысын жоспарлау
жылдық жоспарды құрастырудан басталады. Бүкіл
бағдарламалық материалды курсты оқып-үйренуге
арналған сағат саны мен оқу апталарының санын ескере
отырып, жарты жылдық екі кезеңге бөледі. Жоспар құру
үшін жарты жылдықтағы апталар саны мен
дүниетануға бөлінген апта сағаттарын білу керек.
Сағат сандарына орай тақырыптар бөлінеді, олар сол мерзімде
өтілуі тиіс.
Тақырыптық жоспарлау – оқу материалын бір тақырып
аясында сабақтарға бөлу. Тақырыптық жоспар
құру кезінде табиғаттану түсініктерінің
жүйесін анықтау, олардың жүйелігін белгілеу,
оқыту әдістері мен құралдарын білу қажет,
сөйтіп оқу материалын осы тақырыпты оқып-үйренуге
бөлінген сағат санына сәйкес сабақтарға
бөледі. Әр тақырыптағы сабақтар жүйесін
жасай отырып, мұғалім бірқатар талаптарды орындауы және
тақырыптағы әр сабақты осы жүйенің
логикалық бөлігі ретінде қарастыруы тиіс.
Тақырыптық жоспар құру
үшін:
- тақырыптың оқу – тәрбиелік міндеттерін
анықтау;
- бағдарлама мен оқулық, оқу-әдістемелік
әдебиет бойынша оқу материалының мазмұнын
анықтау;
- оқып-үйренетін түсініктердің логикалық
жүйелілігін анықтау;
- оқу материалын сабақтарға бөлу;
- оқу процесін ұйымдастыру формаларын, оқыту
әдістері мен құралдарын анықтау;
- тақырыптық жоспарлар құру қажет.
Сабақтың мақсатын ойластыру
барысында мынадай 3 сұраққа жауап табу керек:
- не меңгерілу тиіс?
-меңгерту процесінде жаңа
ұғымдардың белгілі қандай қызметтері туралы
айтылады?
- қандай маңызды мазмұны тірекке
алыну керек?
Сабақтың мақсаты деп пәнді
оқыту процесінде қалыптасатын білімнің құнды
жүйелері. Ең маңыздысы баланың жеке басының
қасиеттері – бұл әлеуметтік белсенділігі, ойлау және
кенеттен тығырықтан шығу қызметтері, айналадағы
құбылыстарды түсіне, талдау, теориялық білімдерін іс
жүзінде тұрмыста қолдана білу, түрлі тапсырмаларды
өз бетінше орындау қабілетін
дамыту т.с.с.
Екінші маңыздылығы
мұғалімнің оқу-тәрбиелеу процесіндегі жетекші
ролін түсінуі. Шығармашылықпен айналысатын кез келген
мұғалім бірсарындылықтан алшақтап, эвристикалық
оқыту әдістерін пайдалана отырып шығармашылықпен
жұмыс істейтін орта түзіп, баланың интеллектін дамытатын
жағдай жасауға ұмтылады.
Үшінші маңыздысы сабақта
түрлі әдістер мен тәсілдерді үйлесімді қолдана
алу шеберлігі. Оқытудың әдістері мен тәсілдерін
таңдауда сабақта нақтылық болу керек. Сабақта
материалды меңгертуде әр алуан тәсілдерді пайдалану,
әсіресе бастауыш кластарда мұғалімнің алдын ала
ойластырған белгілі бір жүйесі мен тәртібін талап етеді.
Бақылау
сұрақтары:
1. Сабақ типтері және олардың ерекшеліктері қандай?
2. Дүниетану пәніне тән ерекше сабақ типтері?
3. Мұғалімнің сабаққа даярлануының
дидактикалық принциптері қандай?
4. Аралас сабақ түрінің жоспары қалай
құрастырылады?
5. Сабақ конспектісі қалай даярланады?
Қажетті
әдебиеттер:
1. Аймағамбетова Қ.
Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы:
Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.
2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу
құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.
3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения
естествознанию и экологическое воспитание в
начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.
20-лекция
Тақырыбы: Заттық сабақтар және
оны ұйымдастыру технологиясы. Оның ерекшелігі.
Мақсаты: Заттық сабақтар және оны
ұйымдастыру технологиясын және оның ерекшеліктерін
меңгерту.
Жоспары:
1.Заттық
сабақтар жайлы түсінік
2. Заттық
сабақтарды ұйымдастыру технологиясы мен оның басқа
сабақ түрлерінен ерекшелігі
1.Заттық сабақтар жайлы түсінік
Заттық сабақ – балалардың танып
білетін заттың суреті немесе модель түрінде емесе тікелей
өзімен жұмыс жүргізетін сабақты айтады.
Заттық сабақтар -
бұл оқушылардың айналасындағы материалдық
дүниені құрайтын кез келген жеке бір зат не болмаса дене
туралы сабақ. Оған табиғаттың алуан түрлі заттары - минералдар, өсімдіктер,
жануарлар, табиғи материалдардан жасалған әр түрлі
заттар жатады.
Заттық сабақтар
оқушыларға дүниетануының алғашқы сатысы-
нақты қабылдаумен қатар айналадағы дүниенің
формасы мен құбылыстары туралы айқын материалистік
ұғымдардың жинақталуын қамтамасыз етеді.
Балалардың заттармен - материалдық дүние бөліктерімен
тікелей танысуы нәтижесінде игерген өмір тәжірибесі негізінде
оны дүние көрінісі жайындағы ұғымы
тереңдеп, кеңейеді және адамның тұрмыстық
тәжірибесі қалыптасады.
Заттық сабақтар
заттармен алғашқы рет түйсік арқылы танысуға
мүмкіндік беру керек. Танып біліп отырған затымыз біздің
сезім мүшелерімізге әсер ететін болса, онда таныс емес затымызды білетін болып
шығамыз.
Заттық сабақтарда
оқылатын заттар өте алуан түрлі: табиғаттың тірі
объектілері - жануарлар мен өсімдіктер;
көмірдің жеке кесектері, шымтезек, саз балшықтар;
қар және мұз; компас, термометр, флюгер және т.б.
заттар болуы мүмкін.
Заттық сабақтар
өндіріске және табиғатқа экскурсия жасағаннан
кейін жиі өткізіледі. Мысалы, кірпіш зауытына экскурсия жасалғаннан
кейін оқушылар арнайы заттық сабақта саз
балшықтың қасиетімен, өртенген және
өртенбеген кірпішпен толық танысады.
2.
Заттық сабақтарды ұйымдастыру технологиясы мен оның
басқа сабақ түрлерінен ерекшелігі
Заттық сабақтарды өткізуге мұғалімнің
дайындығы. Заттық
сабақтарда мұғалім балалардың назарын білім алуға
бағыттайды, сонымен бірге ол балалардың алған
түсініктері мен ұғымдарын толықтыра және
тиянақтай түседі.
Мұғалім заттық
сабаққа оқу құралдары мен материалдарын
дайындаған кезде балалар оқылатын заттың қасиеттерін
басқа рецепторлармен қабылдағанда сезе ала ма, жоқ па,
оны мұқият қарауы керек. Мысалы, оқушыларды зиянды
көбелектер капуста көбелегі, шалқан көбелегі, күз
қоңыр көбелегінің сыртқы түрімен таныстыру
кезінде, олардың қанаттарының бояуын және
әшекейін көрсету керек. Ол үшін шыны қорапта бекітілген
көбелектің құрғақ коллекциясын
пайдалануға болады.
Заттық сабақ кезінде
мұғалім әрбір партаға, тіпті әрбір балада
оқылатын зат болатындай етіп ұйымдастырса, онда тіпті жақсы
болады. Мұғалім оқушылардың ойлауын, қорытынды
жасауын, сабақ үстіндегі жұмыс барысында танысқан
заттарының ерекшеліктерін анықтауды қажет ететін бірнеше
сұрақтар дайындайды.
Заттық
сабақтағы оқылатын объекті мұғалімнің
баяндауы кезіндегі көрсетілетін зат қана емес, сонымен қатар
ол жаңа білім беретін зат болу керек. Заттық сабақтарды
заттың суреттегі бейнесін немесе кітаптағы сөзбен берілген
сипаттамасын қарастырумен, мұғалімнің баяндауымен
алмастыруға болмайды.
Заттарды көріп білу
балаларға тиянақты білім береді, ол ойлау және сөйлеу қабілетін
дамытуға себепші болады, олардың сөздік қорын байытады.
Сондықтан мұндай сабақты міндетті түрде өткізу
керек.
Сабақ кезінде жеке заттарды
оқып білу жалпы ұғымдардың қалыптасуының
құралы болып табылады, өйткені заттарды оқып білу
процесіне баланың барлық сезім мүшелері қатысады
және оның салыстыру жолымен белгілі бір қорытындыға
келуіне мүмкіндігі болады.
Заттар әрбір оқушыда
болуы керек, бірақ егер көретін заттары аз болса және
барлығына жетпесе, онда оларды мұғалім өзі
демонстарциялайды. Демонстарцияланған заттарды оқушылардың
қолымен ұстауына, жақын көруіне беру керек. Ол
үшін мұғалім заттарды әрбір партаға алып барады
немесе балаларды стол қасына шақырады.
Заттық сабақ кезінде
мұғалім мүмкіндігінше өзі аз айтып, барынша
оқушыларды сөйлетуге және ойлануға мәжбүр
етеді. Мұнда әңгімені көрген заттарының негізінде
балалар өз бетінше айтып бере алатындай етіп ұйымдастыру керек.
Сабақта оқылатын затты мұғалімнің өзі алдын
ала жақсы біліп, негізгі тұстарын айқындап алғаны
жөн.
Заттық сабақтың
мазмұны объектінің сыртқы қасиеттерімен қалай
болса солай, үстірт танысумен аяқтауға болмайды. Оқылатын объекті туралы барынша
толық ұғым қалыптастыру керек. Ол үшін
мұғалім сабаққа объектінің табиғат
жағдайындағы күйін көрсететін тәжірибелер, суреттер,
көркем суреттер, заттардың тарихи дамуының схемаларын,
сонымен қатар берілген объектінің мазмұнына қатысты
іскерлік немесе көркем сипаттағы оқытуды ендіреді.
Заттық сабақтар
мынандай кезеңдерге бөлінеді:
1. Затты көрсету,
оның атын айту (сөз бен көру танымының байланысы);
2. Бүтін затты және
оның бөліктерін бақылау және қабылдау,
бірақ аса талдап тексермеу;
3. Заттың басты және
көмескі, жеке бөліктерін қарау;
4. Жаңа заттарды
бұрын танысқан заттармен салыстырып, ұқсас және айырықша
белгілерін анықтау;
5. Жинақтап-қорыту;
6. Оқулықтағы
әңгімені оқу, суретін салу, желімдеу, коллекция жасау т.б.
кластан тыс жұмыстар арқылы дамыту.
Заттық сабақты былай
өту тек үлгі ғана, ол оқылатын затқа байланысты
өзгертуге болады.
Бақылау сұрақтары:
1. Заттық сабақты ерекшелгі
қандай?
2. Заттық сабақ құрылымы?
3. Бастауыш сыныптарға
сабақтың қандай типтері
тән?
4. Заттық сабақтарды өткізуге
мұғалімнің дайындығы?
5.Дүниетану сабақтарының типтері және олардың
дидактикалық ерекшеліктері қандай?
Қажетті
әдебиеттер:
1. Аймағамбетова Қ.
Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы:
Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.
2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу
құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.
3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения
естествознанию и экологическое воспитание в
начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.
4. Пакулова В.М., Кузнецова В.П. Методика преподавание природоведения.- М.:
Просвещение, 1990.-124с.